«Ұлытаудың ұлары ұлтын сүйген» деген атаумен республикалық айтыс өтті

19.05.2021 11:24

Жыр додасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен айтыстың қара нары атанған ақын, қоғам қайраткері Жүрсін Ерманның 70 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл шараның өтуіне облыстық мәдениет басқармасы мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мұрындық болды. Айтысқа академик Зарқын Тайшыбай, белгілі ақындар Ғалым Жайлыбай, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы мен «Qyzyljar» телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаров қазылық етті.


Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 16 ақын қатысты. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, барлық санитарлық талап ескеріліп, залдың тек жартысынан астамы ғана толды. Соның өзінде, көрерменнің ыстық ықыласы арқалы ақындарға үлкен медеу болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша ақындардың айтысқа даярлығы жақсы болды.


Жыл өткен сайын ақындардың деңгейі де өсіп келеді. Жастар ізденеді, дайындалады, сахнада өздеріне деген сенімі де артып келеді. Өлең құрауы, суырып салып, қапы қалмауы үшін біраз тер төккендері байқалып тұр. Бұл үлкен сын, жастар осындай жарыстарда танылады, - дейді айтыстың ұымдастырушысы, «Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің» жетекшісі Жарқын Жұпархан.

Бірақ, айтыстың аты айтыс, жұлдызы жанғандар ғана жеңіске жетеді. Бұл жолы да 8 жұптан оза шапқан нұрсұлтандық Аян Ниязбек пен семейлік Қабдолла Бейісхан финалда жолықты. Қазылардың шешімімен шығысқазақстандық ақын үздік деп танылды. Бас жүлде Қабдолла Бейісхан, 1 орын Аян Ниязбектің қанжығасына байланса, 2 орын оралдық ақын Райымбек Өтеповке бұйырды.


Ал, жүлделі 3 орынға қарағандылық Доскей Ботпай лайық деп танылды. Сонымен қатар көпшіліктің ықыласына бөленген атыраулық ақын қыз Фариза Жетпісбаева, қызылжарлық Дияс Аяған, алматылық Аян Жамали мен ақтөбелік Шынарбек Тұрсынұлына Ерік Асқаров, Кәкімбек Салықов пен Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы жүлде табысталды.


Жастар осындай сындарда шыңдалады. Ең бастысы айтыс алаңына ұялмай шығаруға болатын ізбасарлар көрініп келеді. Осының өзінен ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін көруге болады. Әрине, дода болғасын біреудің бабы, біреудің бағы шабады. Жеңгендер масаттанады, жеңілшендер өзін қамшылайды. Кем тұстарын көреді, келесіде қате жібермейді. Бұл үлкен мектеп, үлкен сабақ, тәжірибе, - дейді қазылар алқасының мүшесі ақын Дәулеткерей Кәпұлы.
Қызылжар аспанын алдаспан жыр, әуезді әнмен тербеген ақындар айтысы өз деңгейінде өтті дейді ұйымдастырушылар. Ең бастысы, Қызылжар өңірінде ұлттық өнерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуінің өзі Тәуелсіздігіміздің жемісі.