18 мамыр - Халықаралық музейлер күні

18.05.2021 11:35

Бүгін Ә.Кекілбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, 18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай шара өткізілді.

Шара барысында Музей ісінің өркендеуіне үлес қосқан қызметкерлер Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Мұратқызы Қалмұратованың алғыс хатымен және Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Пәния Оңалбайқызы Сармурзинаның алғыс хаттарымен марапатталды.

Музей директоры Сұлтанбек Жанболатұлы Құдайберген музей ғимаратының құрылысына көмек берген мекеме өкілдеріне, БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.

Сонымен қатар, ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарымызды сақтау және насихаттау ісінде көрсеткен қолдауы үшін музей жанашырларына алғыс жариялады.

187519748_485533526204351_4363536012942385060_n.jpg

Әлемде теңдесі жоқ әдеби мұра «Қырымның қырық батырын» осы заманға толық жеткізуші Мұрын жырау Сеңгірбекұлының домбырасы ХХ ғасырдың 80 жылдары Алматыдағы халық аспаптар музейіне тапсырылған еді. Таяуда белгілі меценат Төкен Танаұлы Жұмағұловтың демеушілігімен осы домбыраның көшірмесі жасалып, музей қорына әкелініп шара барысында музей директорының орынбасары Нұрболат Кыдырұлы домбыраны Түпқараған ауданындағы Мұрын жырау музейіне салтанатты түрде табыстады.

Музейде 2017 жылдан бастап тұрақты түрде «Жәдігер жерде қалмасын» және «Музейге сый» акциялары ұйымдастырылып келеді. Осы акциялар аясында музей қоры халық арасында сақталған құнды жәдігерлермен толықтырылуда. Акция осы жолы да жалғасын тапты. Музейге Халық ақыны, жыршы Сәду Қайралапұлының домбырасы мен бас киімін табыстау үшін ақынның жиені Елжас Қожабектің сыйлығы, Мұнайлы ауданына қарасты №14 орта мектептің тарих пәнінің ұстазы Ғалия Сыдыққызы Рахимованың сыйы, музей ардагері Ғалия Хибадуллақызының сыйылықтары қабылданып, сыйлық иелеріне Тапсыру-қабылдау актінің бір данасы мен куәландыру сертификаты тапсырылды.

Шара соңында қонақтар жаңадан жасақталған Археология залының ресми ашылуына қатысты.