30 игі іс: ШҚО-да мұқтаж жандарға азық-түлік жиынтығы таратылды

28.04.2021 00:00

Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі жыл басынан бері мұқтаж жандарға 10 млн теңге сомасына қайырымдылық көмек көрсеткен, деп хабарлайды 30jyl.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ШҚО этномәдени бірлестіктерінің мүшелері аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуде.

Жуықта 3 баланы тәрбиелеп отырған Гүлден Елеудина мен 5 баласы бар Данира Маликоваға азық-түлік жиынтығы берілді.
«Қасиетті Рамазан айында игі істер жасау әдетке айналған. Этномәдени бірлестігіміз көптеген жылдар бойы түрлі қайырымдылық акцияларын іске асырып келеді. Соғыс ардагерлеріне, қарт адамдарға және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетудеміз», - деді шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кагерманова.

Аталмыш шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған «30 игі іс» қайырымдылық марафоны аясында өтті.
«Біз игі істерімізбен жастарды мейірімге тәрбиелегіміз келеді. Олар үшін үлгі бола білуіміз керек. Сондықтан армян мәдени орталығы барлық қайырымдылық акцияларды қолдайды», - деді армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Степанян Анушаван.

Айта кетейік, осы жылдың басынан бері ШҚО Достық үйі 10 млн теңге сомасына қайырымдылық көмек көрсеткен.

Мұқтаж жандарға азық-түлік жиынтығы, медициналық маска мен дәрі-дәрмек таратылды.

Осы бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясының жұмысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен басталған сессия жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.

Сессия жұмысына онлайн форматта 550-ден астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.

ҚХА-ның XXIX сессиясыннан ақпарат тарату үшін «Қазмедиа орталығы» ғимаратында (21 қабат) баспасөз орталығы жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, 27 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановты қабылдады.
Кездесуде Елбасына еліміздегі этносаралық қатынастар саласындағы ахуал және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты алдағы XXIX сессиясына әзірлік барысы туралы баяндалды.

Кездесу барысында өңірлердегі Достық үйлерінің жұмысына баса көңіл бөлінді. Тұңғыш Президент аймақтарда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік бағытындағы мемлекеттік саясатты одан әрі жүзеге асыру үшін әкімдіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.