Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазақстандық жазушылардың кітаптары таныстырылды

28.12.2021 14:56

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыда тұратын Жазушылар Одағының 136 мүшесінің, соның ішінде Тәуелсіздіктің 30 құрдасының кітаптарының тұсаукесеріне қатысты.

Қалам шеберлері мен жас жазушылардың еңбектерін басып шығару шығармашыл зиялы қауымды қолдау аясында қазақ әдебиетінің дамуына қосылған ерекше үлес болып табылады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Алматыда тұратын 136 автордың, Жазушылар одағы мүшелерінің кітаптары басып шығарылды. Жазушылардың, соның ішінде Тәуелсіздіктің 30 құрдасының әдеби шығармалары 102 мың  данамен жарық көрді.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жазушыларды кезекті басылыммен құттықтап, олардың Тәуелсіздіктің қалыптасу тарихын ұғынудағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды рөлін атап өтті.

2020 жылы қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын 30 автордың шығармалары жарық көрді. 64 мың дана таралыммен жарық көрген бұл еңбектердің ішінде Әнуар Әлімжанов, Қабдеш Жұмаділов, Қажытай Ілиясов, Жаркен Бөдеш сынды классиктердің кітаптары да бар.

Алматы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген барлық кітаптар қалалық кітапханалардың қорын толықтырады.
Іс-шара барысында қазақ ақын-классиктерінің 24 кітап-альбомының тұсаукесері өтті.