Қарағандыда "Тәуелсіздік тәтті ұғым, шырын дәмі" байқауының жеңімпаз ақындары марапатталды

30.12.2021 11:56

Қарағандыда Мағауия Сембай атындағы журналистерді қолдау қоры ұйымдастырған алғашқы "Тәуелсіздік тәтті ұғым, шырын дәмі" атты өңірлік байқауының қорытындысы шығарылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Ortalyq Qazaqstan газетінің 90 жылдығына және ақын, публицист Ибрагим Бекмахановтың 70 жылдығына арналған ақындық жарысқа барлығы 40-қа жуық ақын қатысты.

– Ибрагим аға көп жылдар бойы Ortalyq Qazaqstan газетінде жұмыс істеді, экономика және өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі болды. Оның өлеңдері мен публицистикасы біздің оқырмандар арасында танымал болды. Осы жылдың маусым айында ол 70 жасқа толар еді. Біз оның мерейтойына орай ақындар арасында конкурс өткізуді ұйғардық. Іріктеуден өткен он үздік ақын марапаттарға ие болды. Қазылар алқасының құрамына белгілі ақындар: Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай және Ілияс Мұқаев кірді. Бұл байқау енді жыл сайын өтеді, – деді Ortalyq Qazaqstan газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек.

Ақындық батлдың қорытындысы бойынша бас жүлдені Саят Тұяқбай иеленді. Бірінші орынды Қайрат Асқар иеленсе, екінші орынды Абай Ораз мен Мақсат Күземхан өзара бөлісті. Үшінші орынға Айдын Байыс пен Дәуренбек Бұланбаев ие болды.

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, Нұрдос Кәрім, Асхат Қажытай және Мұқағали Сейітқазы марапатталды.