Қайырымды істер марафоны. Рамазан айындағы кәсіпкерлердің акциясы

27.04.2021 00:00

"Қайырымды істер марафоны" ұлттық жобасының аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Қайырымды істер" акциясы басталды, деп хабарлайды 30jyl.kz порталы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Акция аясында сатып алушылар мұқтаждарға арналған тауарларға ақы төлей алады және оларды дүкендерде, супермаркеттерде, дәріханаларда немесе киім дүкендерінде алдын-ала белгіленген арнайы сөрелерде қалдыра алады. Акция ұйымдастырушылары қазақстандықтарға қайырымды істерді күн сайын, тіпті жақын маңдағы дүкенге бару кезінде де жасауға болатынын еске салады.

Қайырымдылық акциясына кез-келген адам қосыла алады. Ол үшін кәсіпкерлер өз дүкендеріне немесе дәріханаларына арнайы сөрелер орнатуы керек немесе басқа сатып алушылар төлеген тауарлардың тізімін жасауы керек.

Акцияны алғашқылардың бірі болып "Magnum" супермаркеттер желісі қолдады. Мәселен, 13 сәуірден 12 мамырға дейін сатып алушылар желінің барлық дүкендерінен қайырымдылық мақсаттары үшін "Ауызашар" жиынтықтарын сатып ала алады. Сатып алушыдан сыйға тартылған әрбір жиынтыққа сауда желісі өз атынан тағы біреуін қосады және "Уасилә" және "Әл-Амин" қайырымдылық қорлары волонтерлерінің көмегімен мешіттерге тасымалдайтын болады.

Сонымен қатар magnum.kz сайтында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы "Зекет" қорының шотына қаражат аудара отырып, сатып алушы "садақа" ретінде қайырымдылық жасай алатын мүмкіндік қолжетімді болады. Бұл функция "Зекет" қоры төлем парақшасына апаратын QR-коды бар арнайы тағандарда орнатылады.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанның, Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының дүкендерінде тегін тауарлары бар "жақсылық сөрелері" пайда болды. Кәсіпкерлердің айтуынша, негізінен жергілікті тұрғындар онда ең қажетті азық-түлікті қалдырады: нан, май және жарма.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде #Қайырымдылар хэштегін пайдалана отырып, өз игі істеріңіз туралы айтуға немесе өз қалаңыздың қандай дүкендері қайырымдылық акциясына қолдау көрсеткендерін білуге болады.