БҚО оқушылары «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбындағы ашық сабақтарға қатысты

16.09.2021 19:23

photo1631790087 (2).jpegІс-шараның басты мақсаты – теңдесі жоқ байлығымыз Тәуелсіздігіміздің 30 жылында елдігімізді танытып, еңсемізді көтерген ұлы оқиғаларды, тәуелсіз 30 жылдың шежіресін, сырын, тарихын жас ұрпаққа насихаттау. Бүгінгі шарамыздың қонағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Хасанов Ғабит Қайыржанұлымен еліміздің «Өткен шағы», «Осы шағы» және «Болашағы» жөнінде ой-толғамдарымен бөлістік.

Ашық тәрбие сағаты барысында барлық тәуелсіздік ұландарын толғандырар «Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктету үшін әр азаматымыздың үлесі қандай болу керек? сауалы 8-10 сынып оқушыларына қойылды. «Біз өмірге тәуелсіздік алғаннан кейін келдік. Қазіргі уақытта біз сияқты жастарға барлық жағдай жасалған. Жастарға берілген мүмкіндікті пайдаланып, оқып, білім алуымыз керек. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірін түсінуіміз керек. Қолдағы бар алтынды бағалауымыз қажет. Ендігі кезекте қазақ қазақпен қазақша сөйлесіп, бірлікте, татулықта өмір сүруі қажет. Сонда ғана біздерді ешқандай жау ала алмайды», - деп жауап берді 9 сынып оқушысы Бейбіт Азиза.



Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.

«Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Әңгімені осы төңіректе өрбіту барысында Ғабит Қайыржанұлы « Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл патриот болып, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылуымыз қажет деп ойлаймын. Қазақ деген елдің ежелден бергі арманы – азаттық еді. Сол азаттық қаншама ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өткен қазақтың пешенесіне бұйырыпты! Өзгелермен иық тірестіріп тұрып, тәуелсіздік алдық» деп жауап берді.