Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «Динадан жеткен күй күмбір» республикалық музыкалық челлендж

19.04.2021 00:00

Биыл қазақ композиторы және домбырашы, күй атасы Құрманғазының шәкірті, Қазақ КСР Халық әртісі Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі осы жылдың 19 сәуірінен бастап Мемлекетттік Академиялық халық аспаптар оркестрлері мен өңірлік концерттік ұйымдардың және филармониялардың қатысуымен «Динадан жеткен күй күмбір» республикалық музыкалық челленджін өткізеді.

Динаның шығармашылығы қазақтың өткені мен бүгінін байланыстыратын, домбырада орындалатын калассикалық музыканың заманауи үндестігін сабақтастыратын құнды дүние.

Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл», «Көген түп», «Байжұма», «16 жыл», «Әсем қоңыр», «Той бастар», «Ана бұйрығы», «Сауыншы», «8 наурыз» және т.б. күйлерін еліміздің күйшілері мен шығармашылық ұжымдары үздіксіз орындап келеді.

«Динадан жеткен күй күмбір» республикалық музыкалық челленджі Қазақстанның қазақ халық аспаптар оркестрлерінің, шығармашылық ұжымдарының, жекелеген домбырашылардың бір-бірін өзара рухани қолдау үшін, сонымен бірге Қазақстан халқының патриоттық бірлігін көрсету бағытында жүзеге асырылады.

Челленджді үйлестіруші - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» МКҰ РМҚК жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы».

Барлық көрсетілімдер Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің YouTube арнасы мен үйлестірушілердің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады.

Дереккөз: ҚР МСМ