Павлодар облысының құрметті тұрғындары наградалармен марапатталды

17.12.2021 19:26

Тәуелсіздік күніндегі салтанатты кездесу «Достық үйінде» өтті. Марапатталушыларды аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов құттықтады.

Кездесу қатысушыларына арналған сөзінде Павлодар облысының әкімі Тәуелсіздік күнін азаттық пен еліміздің гүлденуінің символы екенін атап өтті.

- Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап өзінің адал әрі қажырлы еңбегімен мемлекетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдар бар, - деп атап өтті ол. – Ең бастысы, сіздер бұл қызметті Отанға деген сүйіспеншілікпен атқардыңыздар. Ерен еңбектеріңіз бен туған жерге деген шексіз махаббаттарыңыз үшін алғыс айтамын!

Тәуелсіздік күніне орай Павлодар облысының 60 тұрғыны мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында еңбек ардагері және құрметті теміржолшы Әби Сарқыншақов «Парасат» орденіне ие болды. «Құрмет» ордені қоғам қайраткері және педагогикалық еңбек ардагері Мауытхан Оралжанға берілді. Өңірлік қоғамдық кеңестің хатшысы Хелуа Кашкенова мен №1 Павлодар қалалық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Махмұд Махмұдовқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Конфессияаралық қатынастарды таладу және дамыту орталығының басшысы Гүлнәз Раздықова «Шапағат» медалімен марапатталды. Танымал мемлекеттік қайраткер Тито Сыздықов «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен наградталды. Сонымен бірге, Павлодар облысы әкімінің құрмет грамоталары мемлекеттік қызмет ардагерлері Нұрлан Нәбиев, Николай Чмых, Александр Рюмкин мен Александр Вербнякқа табысталды.