Серке тартқан серілер

14.04.2021 00:00

Жауынгерлік өнер – көкпар сайыстары облысымызда қарқын алып, кеңінен дамып келеді. Жақында Арқаның атқұмарларынан құралған облыстың «Qaraģandy» құрамасы Тараздағы Бестөбе атшабарында өткен «Өнер көкпары» республикалық турнирінен жүлдемен оралды. ІІІ орынды қанжығаға байлаған азаматтар турнирдің қола жүлдегері атанды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жамбыл ЖАБАЕВТЫҢ 175 жылдығына орай өткен республикалық турнирге бес команда қатысқан болатын.

Ұлттық спорт қауымдастығы мұрындық болған сайыста «Qaraģandy» командасы Шымкенттің «Құлагерімен» бәсекеге түсіп, 2:1 есебімен жеңілді. Екінші айналымда жерлестер «Әулиеата» құрамасымен ойнап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. «Әулиеатаға» тиесілі бір салымды әнші Мағжан Сержанов салса, «Qaraģandy» құрамасына тиесілі үш салымның екеуін команда капитаны Ерік Тезекбаев, біреуін әнші Данияр Дүйсенбаев салды.

Ал, III орын үшін болған тартыста «Qaraģandy» құрамасы алматылықтардан басым түсті. Қос команданың ойын соңындағы нәтижесі – 4:1. Жеңіс Қарағандының қанжығасында. Жалпы, «Qaraģandy» құрамасына тиесілі 4 салымның үшеуін команда капитаны, асаба Ерік Тезекбаев, біреуін әнші Данияр Дүйсенбаев салды.

Команда құрамында өнер көрсеткен жеңімпаздар қатарында әнші-асаба Данияр Дүйсенбаев, дәстүрлі әнші Бауыржан Жанатов, әнші Қуаныш Совет, асаба Дәурен Айтжанов, әнші Сұлтан Тілеубеков, күйші Асан Әбдіразақов, әнші Ерлан Сепкрай, асаба Әмірхан Беркінбаев және режиссер-блогер Айдос Садық бар.

– Ойын тартысты өтті. Үзіліс кезінде жаңа нұсқау бойынша ойынымызды өзгерттік, есепті теңестіре алдық. Ойын болған соң жеңе білу маңызды болғанымен, түпкі мақатымыз – ұлттық ойындарды жаңғыртуға қолдау көрсету. Сондықтан, көкпар сүйер көрерменді ұлттық спортқа қолдау білдіруге шақырамын, – дейді команда жетекшісі, әнші-композитор Саят Әбдіғали.

Дереккөз: ortalyq.kz