Солтүстік Қазақстан облысы туралы деректі фильм түсірілді

24.05.2021 16:19

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Солтүстік Қазақстан облысында туристер үшін қызығушылық тудыратын өңірдің табиғи, мәдени, тарихи көрікті жерлерінің бай әртүрлілігі туралы әсерлі бейнеролик түсірілді.

Түсірілім жарты жылға жуық уақыт өтіп, өңірдің барлық аудандары мен облыс орталығын қамтыды.

Жоба бойынша режиссер Асқар Ұзабаев бастаған танымал түсірілім тобы жұмыс істеді. Бейнероликте басты рөлдерді белгілі қазақстандық әртістер Берік Айтжанов («Так сложились звезды» фильмі) және Альмира Тұрсын («Томирис» фильмі) сомдады.

Кадрларда Имантау-Шалқар курорттық аймағының көркем табиғаты, әлемде алғаш рет жылқы қолға үйретілген Айыртау ауданындағы Ботай қонысы, Мамлют ауданының Менкесер ауылындағы емдеу көлі (Израильде Өлі теңіздің аналогы ретінде белгілі), Петропавл қаласындағы жүз жылдық тарихы бар ботаникалық бақ, Шоқан Уәлихановтың балалық шағын өткізген «Айғаным» қонысы, «Қарасай мен Ағынтай батырлар» мемориалдық кешені, «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешені, діни нысандар, тарихи орындар, тарихи ескерткіштер, тарихи-мәдени ескерткіштер, өнеркәсіптік кәсіпорындар және облыстың басқа да көрікті жерлері көрсетіледі.