Тәуелсіз Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттері

01.05.2021 00:00

(Ынтымақтастық, ықпалдастық және түсіністік тарихынан) (1991-2000 жж.)
ҚазақстанРеспубликасы Тәуелсіздігінің30 жылдығына:
1991 жылдың соңындағы Кеңес Одағының тарауы оның құрамында болып келген одақтас республикалардың алдына үлкен мәселе қойғандығы белгілі. Бұл жағдай әсіресе бүкіл экономикасы негізінен ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруге негізделген, жоспарлау жүйесі одақтық басқаруға бағындырылған, шет мемлекеттермен байланыс жасау тәжірибесі мүлдемге болмаған жаңадан тәуелсіздігін алған Орталық Азия елдері-Қазақстан, Қырғызстан,Өзбекстан,Түркіменстан мен Тәжікстанға өзіндік қиындықтарын әкелді.
Осылардың қатарындағы ең негізгісі-Кеңестік мемлекеттік жоспар негізінде жұмыс атқаратын шикізат қана шығаратын ауыр, жеңіл өнеркәсіп орындары тапсырыстың жоқтығынан кезегімен жуық жұмыстарын тоқтата бастады. Социалистік ауылшаруашылығы өндірісі де толық тоқырауға ұшырады. Ал, бұлардың әсерінен республикалардағы білім беру, ғылым, мәдениет,денсаулық сақтау, тағы да басқа әлеуметтік салалардың қызметі де дағдарыс кезеңінеенді. Жұмыссыздық алаңдатарлық деңгейге дейін көтерілді. Жүйесіз ішкі және сыртқы қоныс аудару қарқыны еселеп артты. Кеңес Одағы кезінде қалыптасып, зиянды ықпалы ұлғая түскен Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан территорияларын қамтитын Арал теңізіне байланысты экологиялық кері   әсерлердің бүлдіру әрекеті де молайды.Міне осындай себептерден мемлекеттерде саяси, экономикалық артқа кету жылдам деңгейде тереңдей бастады.
    Орын алған аталған мұндай кері жағдайлар бұл елдерден ең алдымен экономиканы әлемдік нарық талаптарына бағыттау, ел ішінде терең саяси, әлеуметтік өзгерістер енгізу,солардың қатарындағы ең керегі - осы мемлекеттер арасындағы тығыз экономикалық, тағы басқа бағыттағы ынтымақтастыққа көшу мәселесін қойды. Ал бұл талаптардың дұрыстығы уақыт өткен сайын айқындала түскен еді.
       Оны аймақ елдері тұрғындары, саясаткерлер, қоғам белсенділері, мемлекет басшылары да ұғынды. Осылардың қатарындағы, территориясы үлкен, көпұлтты, әсіресе ядролық сынақ алаңы меня атом қаруы молынан орналастырылуы, территориясына Арал теңізінің құрғай бастауы салдарынан экологиялық апаттың зардабы молынан тараған, экстенсивті шикізатты экономикасы уақыт талабына жауап бере алмаған Қазақстанға бұл мәселелерді шешуде белсенділік көрсетуді қажет етті.
          Егер де орын алған нақты тарихи оқиғаларға шолу жасайтын болсақ, Кеңес Одағының тарар алдындағы мерзімнен-ақ туыстас Орталық Азия елдеріндегі орын алған терең саяси, экономикалық, тағы да басқа бағыттардағы тоқыраудан бірлесіп шығу мақсатындағы алғашқы шаралар да іске асырыла бастаған еді. Атап айтқанда: «Осындай жағдайларды ескере отыра, 1990 жылдары Орталықазия республикаларының екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтарының негізі қалыптаса бастады. Сол уақытта Қазақстанның бастамашылығымен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары Алматыда кездесіп, «Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы» Келісімге қол қойды»[1.387]. Алайда бұл келісімдер Орталық тарапынан толық қолдау таппағандықтан алдыға қойған мақсатына жете алмады. Сонымен қатар аталған келісімде республикалардың нарық қатынасына өту мәселесі қаралмады. Шет мемлекеттермен тікелей экономикалық байланыс жасау жолдары көрсетілмеді. Яғни, Келісімнің басты мазмұны Одақ шеңберіндегі қатынастан ары бара алмады. Сондықтан да оның нәтижесінің қандай болатындығы белгілі еді.
Осы айтылғандармен бірге «Көрші мемлекеттермен (Өзбекстан, Қырғызстан)қатынастағы территориялық мәселелердің орын алуы да белгілі біржағдайлардағы республиканың территориялық тұтастығына да қауіп төндіретін жағдай болуы мүмкін еді»[2].
     Міне сондықтан да аймақтағы мемлекеттердің алдына қойылған мәселелерді шешудің алғашқы қадамы олардың әрқайсысымен екіжақты қатынас орнатуға назар аударылды. Мұндай мақсаттағы Қазақстан Республикасының Орталықазиялық бауырлас, көрші мемлекеттермен арадағы екі жақты қатынастары 1992 жылдың басынан-ақ орын алып, іске асырыла бастады.осылардыңқатарындағы, Қазақстан және Өзбекстан Республикалары “арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнатылды. 1992 жылы 24 маусымда екі республика арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек көрсету туралы шартқа қол қойылды.
Шартта экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Осы мақсаттарда екі ел сауда саттықта бір біріне анағұрлым қолайлы жағдай жасауға, сондай ақ барлық деңгейлерде өзара тиімді экономикалық және сауда қатынастарын дамытуды көтермелеуге, тікелей инвестицияларға арналған ахуалды жақсартуға, бірлескен кәсіпорындар құруға міндеттенді. Сонымен қатар Шартта саяси мәселелер де, атап айтқанда Қазақстан мен Өзбекстанның аумақтық тұтастығы және қазіргі шекараларының мызғымастығы танылатындығы және құрметтелетіндігі, осы шекараларға кез келген қолсұғушылықтан бас тартылатындығы мәлімденді.
Шартта экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де көзделді. Тараптар Арал теңізі мен Арал өңірі аудандарындағы экологиялық апаттың ғаламдық сипатын назарға ала отырып, қоршаған ортаның ластануын болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдауға, сондай ақ Аралдың экологиялық жүйесін қалпына келтіру ісінде күш жігерді біріктіруге және үйлестіруге келісті”[3.95-96].
    Қазақстан Республикасы аталған мерзімде Тәуелсіз Елге айналған Қырғыз Республикасымен арадаға қатынасқа да ерекше назар аударды. Өйткені «Қазақстан мен Қырғызстан тарихи тағдырлары ортақ, географиялық тұрғыдағы көрші, мәдениеті мен тілдері ұқсас, таңдап алған қоғамдық-саяси бағыттары мазмұндас, табиғи стратегиялық серіктес елдер болып табылады»[4].
Нақтылай көрсеткенде «Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 15 қазанда орнады. Географиялық тұрғыдан жақындығы, тарихи тұрғыдан терең тамырластығы, тілдің, мәдениеттің, салт дәстүрдің ортақтығы Қазақстанның Қырғыз Республикасымен жаңа тиімді ынтымақтастығының сенімді негізі болып табылады. Екі жақты қарым қатынас 1993 жылы жасалған Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың ережелеріне сәйкес құрылып келеді. Шартта тараптардың әрқайсысы өз аумағында тұрып жатқан екінші тараптың азаматтарына жалпыға бірдей танылған азаматтық, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтар мен еркіндіктерге кепілдік береді. Құжатта сауда экономикалық, мәдени, ғылыми техникалық және басқа да байланыстарды кеңейтуге, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша маңыз берілді» [3.99-100].

       Осындай өзара тиімділік тұрғысында жасалған әр бағыттағы уағдаластықтар мен ынтымақтастық «Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы саяси қарым-қатынасты тереңдету, келісімдерде көрсетілген экономика, ғылым және техника, екі жақты байланыстарды интенсивті тұрғыда тереңдету, Орталық Азияда қалыптасқан жаңа геосаясаттық шындыққа сай қарым-қатынасты қалыптастыру, екі жақты ынтымақтастықтағы сақталынып отырған мәселелерді реттеу қос мемлекеттің және бүкіл ОрталықАзия аймағының өмірлік мүдделеріне жауап береді»[5].
      Бұлардың қатарындағы «Көпбағытты дамудың келелі мәні Қазақстан мен Қырғызстанның халықаралық мәселелерге арналған ұстанымдарының көлемді ұсастықтарын айқындаған ОАЫ (ЦАС),ТМД, КО (ТС), Түрік саммиті шеңберіндегі қызметтеріндегі ұстанып отырған ынтымақтастықтары болды.
    Жұмыс барысындағы кездесулер мен пікірлесулерде жақтардың ТМД, Орталықазиялық аймақ, Тәжікстандағы әскери-саяси ахуал, Ауғаныстандағы жағдай, НАТО шеңберін ұлғайтудағы пікір ортақтастықтарына арналған бірлескен қадамдары негізделді.
     Екі елдің тығыз саяси өзара қимылдары БҰҰ, НАТО, ТМД шеңберіндегі нақты бірлескен қадамдарды айқындауға, Тәжікстандағы ... “Центразбат” бейбітшіл батальонын негіздеуге әкелді»[6].
Қазақстан Республикасының келесі көршілес елдермен арадағы қатынасы да тура осы уақытта жолға қойылды. Мысалы: «Қазақстан мен Тәжік елі арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылы орнады. Сол жылы Тәжікстан Президенті Э. Рахмонов ресми сапармен Қазақстанға келіп, нәтижесінде Тәжікстанмен Қазақстан арасындағы негізгі қатынастар туралы шарт жасалды. Екі ел ынтымақтастығының басымдық берілетін салалары-тау-кен өнеркәсібі, түсті металлургия, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, көлік және коммуникация [7.115-116].
       ХХ ғасырдың 90-жылдарының басындағы Қазақстанның Түркіменстанмен   өзара байланыс орнату да өзінің қажеттігімен ерекшеленді. Себебі «Түрікменстан өте қолайлы геосаяси жағдай мен табиғи энергоресурстарға бай жерлерді иемденген. Мұнай мен газы мол, мақта өсіреді, магистральды мұнай және газ құбырлары, көлік коммуникацияларымен қолайлы инвестициялық жағдайы бұл елді Қазақстанмен стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерді.
         Негізінен алғанда: “Қазақстан-Түрікменстан қатынастарының шарттық-құқықтық базасын 45-тен астам құжат құрайды. Олардың ішінде 1993 жылғы 19 мамырдағы “Достық қатынастар және ынтымақтастық туралы” шарт және 1997 жылғы 27 ақпандағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы Декларация іргелі құжаттар болып табылады» [8.448].
Екі мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі алғашқы ресми тұрғыдағы кездесуі өзара ықпалдастықтың маңызын аша түсті. Мысалы«1993 жылы мамыр айында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы елге ресми сапары кезінде екі жақты қарым қатынастың негізі қаланды.
Қазақстан үшін Түрікменстанның іс жүзіндегі транзиттік әлеуетінің маңызы үлкен. Бұл мемлекет Қазақстанның табиғи әріптесі, өйткені Каспий жағалауы елдерінің қатарына жатады. Оның үстіне екі елдің құрғақта 426 шақырым ортақ шекарасы бар»[9].
     Міне осылай, Қазақстан   Республикасының ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңында тәуелсіздіктерін алған өзімен көршілес және тарихи тамырлас Орталықазиялық мемлекеттермен арадағы екі жақты көпбағытты қатынас орнатылды. Алайда бұл мемлекеттердің алдында тұрған өңірлік және әлемдік деңгейдегі ауқымды да келелі мәселелерді бірлесіп шешудің қажеттігі белгілі бола түсті. Мысалы, олардың қатарына аймақтық бірлескен келісімді экономикалық ынтымақтастық, келісілген сауда қатынасы, бүлінген экологиялық жағдайды бірлесе қалпына келтіру, сыртқы көші-қон, шекара мәселесі, мәдени байланыстар, ортақтасқан қорғанысты саясат, ланкестікке, есірткі айналысына қарсы күрес,тағы да басқа мәселелер жатты.
         Міне сондықтан да Ел тәуелсіздігінің алғашқы мерзімінен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бұл бағыттағы ұсыныстарын жариялап, оны нақты іс жүзіне асыруға белсене кірісті. Өзінің аталған жолдағы бастамашылығын өңір мемлекеттерінің талқылауларына салып, әлемдік және аймақтық деңгейдегі маңыздылығын жариялады. Қазақстан басшысы Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығы, оның маңызы, іске асырудың жоспарлары туралы тұңғыш рет 1992 жылдың ақпан айындағы Пакистан Ислам Республикасына барған ресми сапарында мәлім етті. Мысалы, осы жылдың 26 ақпанындағы Лахор қаласындағы азаматтық қабылдауда ол:«Егерде біздің азиялық аймақтағы саясатымызға тоқтайтын болсақ, біз алдымен экономикалық ынтымақтастыққа, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, солармен қатар, Азия құрлығындағы барлық шиеленісті аймақтардағы ұлтаралық қақтығыстарды тоқтатуға басты көңіл бөлеміз. Біз жылдам өркендеп келе жатқан Шығыс халқын алаңдатып отырған басқа да мәселелерден тыс қала алмаймыз. Бұлар-жаңа экономикалық талапты қалыптастыру, халықшаруашылығының ынтымақтастығы мәселесі, ғылымды дамыту жұмыстары, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану» [10],-деп көрсетіп, бұл бағыттағы алдағы атқарылар міндеттерді баяндады.
      Қазақстан жетекшісі осы мерзімде Орталық Азияның жаңа егемен мемлекеттерінің алдында тұрған құрлықтық және әлемдік деңгейдегі ерекше күрделі мәселелерді бірлесіп шешудің қажеттігін жариялап, оған әлемдік қауымдастықтың назарын аударды. Мысалы,1992 жылдың 5 қазанындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында жасаған баяндамасында ол: «Қазіргі күрделі мәселелердің қатарына көне құрлықтың ортасында қалыптасқан, уақыт өте келе қауіпті келіспеушіліктің бастауына айналатын Орталық Азия өңіріндегі су мәселесі айырықша алаңдаушылық болып табылады.
     Мен қазірдің өзінде БҰҰ-ның назарын Орталық Азияны су қорларымен жедел түрде қамтамасыз етуге арналған жобаларды іске асырудың қажет екеніндігіне аударамын»[11],- деген мәлімдеме жасап, дүниежүзі мемлекеттерін бұл жағдайды бірлесіп шешуге шақырды.
        Қазақстан басшысы бұл жерде ең алдымен кеңестік экстенсивтік шаруашылықты жүргізу әдісінің салдарынан суы болмаған деңгейде азайып, құруға айналған, өңірдегі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның ауыл шаруашылығын үлкенді-кішілі өзендер арқылы сумен қамтамасыз етіп келген, осы аймақтағы энергетика жүйесінде маңызды орын алған, құрғауы арқылы аймақтық, тіпті құрлықтық деңгейдегі экологиялық аймаққа айналған Арал теңізін қалпына келтіру мәселесін көтерді. Ал келесі, 1993 жылдың 26 наурызында Қызылорда қаласындағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан,Тәжікстан және Түркіменстан мемлекеттері Президенттерінің кездесуінде Аралды құтқарудың Халықаралық Қоры құрылды. Оның Президенттігіне Н.Ә.Назарбаев сайланды.  
      Осы кездесуде оған қатысушылар Арал теңізі мен оның айналасының күрделі экологиялық мәселелерін шешуге арналған мәлімдеме жасап, жұмыс жоспарларын белгіледі. Бұл ауқымы ұлғая түстетін экологиялық апатты қалпына келтіру мақсатындағы Әлемдік халықаралық ұйымдарғаүндеу қабылданды.Өзі құрылған күннен бастап,Халықаралық Қор мүшелерінің бірлескен жұмыстары бастау алып, нәтижелілігімен ерекшелене бастады. Қор ауқымы ұлғая түсетін осы экологиялық апаттың алдын алып, жағдайды қалпына келтіру мақсатындағы бірлескен істер атқаруға арналған Әлемдік халықаралық ұйымдарға арнайы Үндеу қабылданды.
      Мысалы,1993 жылдың 28 маусымында Аралды құтқарудың Халықаралық Қорының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Түрік Республикасының Президенті Сүлеймен Демирелге жолданған ресми мәлімдемесінде: «Планетадағы ең үлкен тұйық су қоймаларының су қорының аса мол тұрғыдағы жетіспеушілігінен құрлықтың көптеген мемлекеттеріне тарап отырған өте қауіпті экологиялық жағдай қалыптасты. Тартылып бара жатқан теңіздің түбінен пайда болған тұз бен тозаңның мол мөлшері өңірдің экологиялық жағдайын бұза отыра үлкен аймақтарға таралады.Табиғат жағдайларының, өсімдік және жануарлар әлемінің терең тұрғыда өзгеріске ұшырауы неғұрлым шындыққа айнала бастады
     Өзіміздің және көрші халықтардың, әлемдік қауымдастық алдындағы табиғаттық ортаны сақтаудағы жауапкершілігімізді сезіне отыра біз Аралды құтқарудың Халықаралық Қоры   оларға төнген қатерге қарсылық көрсетуге әрекет жасаудамыз. ...
    Арал дағдарысы бүкіл адамзаттың мүддесін қозғайтындықтан біздің жас мемлекеттер әлемдік қауымдастықтың қолдауын есепке алады. Олар тиісті өкілеттік беріп отырған Аралды құтқарудың халықаралық қоры Арал дағдарысын жоюдың барлық бағыттары бойынша кең ынтымақтастыққа ашық»[12],-делініп, Аралдың, оның аймағының экологиялық жағдайын жақсартудың дүниежүзілік деңгейге ұласып отырғандығына назар аударылды. Қысқа мерзімде әлемдік көптеген халықаралық ұйымдар Арал теңізі мәселесіне назар аударып, нақты көмектер беріле бастады.
       Дүниежүзілік деңгейдегі қысқа мерзімде осындай атқарылған істерге оңды баға бере келе Қазақстан Республикасының басшысы, Қор Президенті Н.Ә.Назарбаев 1995 жылдың 3 наурызындағы Дашховуз қаласындағы Орталық Азия мемлекеттері жетекшілерінің   кеңесінде жасаған баяндамасында атқарылған істерге баға бере келе: «Аралдың тағдырын шешу біздің негіздеген құрылымдардың жұмыстарының уақыт өткен сайынғы тиімділігіне байланысты. Осыған байланысты мен Арал теңізі өңірі мәселесіне арналған Мемлекеттераралық Кеңес пен оның Атқарушы комитетінің іскеасырар маңыңызды орнын атап өтуді жөн көрдім.
   Біздің әрқайсымыздың бұл мәселеген арналған барлық мәліметтерді білетіндігімізді және жұмыс барысында оны ақылдасып отыратындығымызды айта келе, мен Аралды құтқарудың Халықаралық Қорының Президенті ретінде оның мүшелері атынан Қордың белсенді қызмет атқаруға арналған негізінің жасалатындығына үміт артатындығымызды еске салғым келеді»[13],- деп көрсетті.
      Тәуелсіздік жағдайында өткен бір-екі жылдық уақыт көрсеткендей, күн сайын жаңалана түсіп отырған нарық талаптары, әлемдік, аймақтық саяси, әлеуметтік күрделі сұраныстар мен оқиғаларға талапқа сай жауап беру үшін өңір мемлекеттерінің тығыз ынтымақтастыққа бірігу қажеттігі барынша айқындала түсті.
     Аймақ мемлекеттерінің осындай бірлестігінің алғашқы бастамасы   Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Президенттерінің 1993 жылғы мамырдың 27-29-ы аралығында Қазақстан Республикасының Ордабасы тауында ХҮІІІ ғасырдың аса көрнекті мемлекет қайраткерлері Төле биді, Қазыбек биді, Әйтеке биді еске алу күндеріне қатысқан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикалары Президенттері қол қойған Бірлескен Мәлімдеме болды. Онда атап көрсетілгеніндей: «Осы шараны өткізу барысында ерекше мәнге ие болған ұлтаралық келісімнің ауқымын атай келе және тарихи ортақ негіздер мен дәстүрлерге деген адалдықты білдіре отырып, Өзбекстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Қазақстан Республикасының Президентттері нарықтық қатынас, түбегейлі мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендік жолында әр ұлттың рухани қазынасын сақтау проблемаларын шешу барысында өзара ынтымақтастықта және тығыз байланыста жұмыс істеуге ынталы екендіктерін білдірді.
      Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сенім шараларын нығайту ісінде келісілген дан әрі қолдана беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.
     Мемлекет басшылары ортақ тарихымызға қатысты елеулі оқиғалар бойынша кездесулер өткізуді одан әрі жалғастыруға ынталы екендіктерін білдірді»[14].
      Міне осылай бұл мәлімдеме бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған Орталық Азияның жаңа Тәуелсіз мемлекеттері арасындағы тығыз одақтың қалыптасының бастауына айналды. Өзара жан-жақты талқылаулардан кейін «1994 жылдың 30 сәуірінде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері үш мемлекет арасындағы Біртұтас экономикалық Кеңістікті құру туралы (Орталықазиялық Одақ) келісімге қол қойылуы бұл жобаның (Еуразия Одағының,-Ғ.Қ.) іс жүзіне асқанындай болды. Орталықазия мемлекеттері жетекшілері Мемлекеттераралық кеңесті құрды, Премьер – министрлер, сыртқы істер және қорғаныс министрлері   Кеңесін, олармен қатар Ынтымақтастық және даму банкін негіздеді. Жалпы ортақ маңызды міндеттердің қатарына жақтастар Арал теңізі мәселесін шешуді жатқызды» [1.20].
Аталған аймақтық жаңа экономикалық ынтымақтастық өзі негізделген уақыттан бастап әлемдік экономикалық ұйымдармен байланысқа енді. Мысалы, олардың қатарындағылар: «Еуропалық эксперттік одағы (ЕЭС), Еуропа Одағы (ЕС), Германиялық халықаралық даму қоры (ДSЕ), Американдық халықаралық даму агенттігі (ЮСА-ИД). Алматы, Бішкек және Ташкентте БҰҰ-ның ... мамандандырылған ұйымдарымен қатынас орнатылды»[1.393].
       Осы үш мемлекет негізін қалаған Орталықазиялық одақтың қажеттігі мен өмірге келу тарихы туралы Қ.К.Тоқаев:»Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап (ТМД-ғы бірлескен істерді жүзеге асырумен қатар,-Ғ.Қ,) Орталық Азиядағы көршілес елдермен қатынасқа ерекше маңыз берді. Өйткені республиканың қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуде бұл фактордың маңызы зор еді.
           Осындай мақсатпен Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен алдымен 1994 жылы 10 қаңтарда Қазақстан мен Өзбекстан арасында Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы шарт жасалды, 16 қаңтарда бұл шартқа Қырғызстанның қосылуы шартқа үш тарапты құжаттың сипатын берді және сол жылы 30 сәуірде жеке үшжақты шарт жасалды Бұл оқиға Орталық Азия республикаларының арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғандығын куәландырды»[7.95],- деп жазды.
«1994 жылдың 13 сәуірінде,-деп жазады Н.Ә.Назарбаев,- аталған үш мемлекет арасындағы Орталықазиялықодақтың негізінің қалануы мен оның маңызы туралы,-мен Шолпон-Атада еуразиялық бастамамен сөз сөйлегеннен кейін бір айдан соң, Өзбекстан және Қырғызстан жетекшілерімен Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы келісімге қол қойдық. Осылайша, болашақтағы Ортаазиялық экономикалық ынтымақтастық құқықтық негізге ие болды» [15].
         Ал, «1994 жылы 8 шілдеде Алматыда осы үш ел президенттерінің кездесуі кезінде олардың Мемлекетаралық Кеңесін және оның тұрақты жұмыс істейтін ұйымы-Атқарушы комитетін құру келісілді. Сол жылы осы үш республика Ортаазиялық ынтымақ және даму банкін құрды. Сонымен қатар 2000 жылға дейін Экономикалық интеграция бағдарламасы қабылданды [7.95].  
        Қазақстан Республикасының ХХ ғасырдың соңындағы мемлекеттер арасындағы аймақтық экономикалық ықпалдастық, саяси мақсаттағы өзара келісімдік бағытындағы атқарып отырған сол мерзімдегі бастамашылық қызметі әлемдік қауымдастық пен мемлекеттер тарапынан өзіндік бағасын алды. Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің ресми өкілі баяндағанындай: «ҚР сыртқы саясаттағы негізгі бағыты Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы қатынасты одан ары дамыту және нығайту деп есептейді. Аймақтың үш мемлекетінің Алматыдағы шілде кездесуі бұған айқын мысал болып табылады» [16].
       Ал, Ресей Федерациясы үкіметі Төрағасының орынбасары А.Шохинның     Президент Б.Ельцинге жолдаған хабарламасында: «Соңғы уақыттарда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің пікірі бойынша ТМД-ғы интеграциялық құбылыстарды күшейтуге бағытталған   бірқатар ұсыныстарын баяндады. Сәуір айында ол Еуразия Одағын құру туралы ұсыныс жасады. Шілде айында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Президенттерінің Алматыдағы бас қосуында   Орталық Азиялық Одағын құру туралы шешім қабылданды. Тамыз айында Қазақстан Президенті мемлекеттер басшыларының кеңесінде Достастық ішінде және одан тыс жағдайындағы жаңа интеграциялық мәселелер қоятындығы туралы мәлімдеме жасады»[17],- деп көрсетіліп, Қазақстан басшысының аталған бағыттардағы ұсыныстарының тарихи маңызы мен қажеттігі баяндалды
       Міне осылай, ХХ ғасырдың «Бауырлас үш халықты байланыстырған Орта Азия одағымен ерекше қарым-қатынас қалыптасты»[18].
Қазақстан Республикасының алдарында тұрған келелі мәселелерді бірлесіп шешудегі Орталық Азия мемлекеттерінің өзара ынтымақтастықтарын қалыптастыру мақсатындағы мұндай бастамалары мен ұсыныстарына әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау білдіріліп, оның дұрыстығы атап көрсетілді. Осы мазмұндағы Ресей сыртқы істер министрлігі ресми баспасы «Халықаралық саясаттағы өзара қимыл және өзара түсіністікке шын пейілді ұмтылыс   Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың таяудағы Женевадағы баяндамасы болды. Жекелеп алғанда оның мазмұны ХХІ ғасырдағы әлемдегі саясаттағы негізге айналатын   ... Қазақстанның Азиялық аймақтағы сыртқы саясаттағы мүдделеріне мен ұмтылыстарына арналды.
     Онда Қазақстан Президенті мемлекеттің   сыртқы саясаттағы атқаратын істерінің негізгі бағыттарын айқындады. Біріншіден, Орталық Азиядағы (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан) интеграциялық саясат,   осы күрделі аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау қызметі» [19],- деген мәлімдеме дайындап, Қазақстанның Орталық Азиядағы мемлекеттер мен халықтар арасындағы саяси тұрақтылық, экономикалық өркендеу, түсіністік пен ынтымақтастықты қалыптастырудағы атқарып отырған қызметіне баға берді.
    Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы осындай тығыз Орталықазиялық Одақтың пайда болуы аймақтың белгілі саяси қайраткерлері, қоғам белсенділері, қарапайым тұрғындары арасынан да оңды қолдау тауып, олар бұл шараны аймақтың туыстас мемлекеттерінің боаашақ дамуының кепілі деген баға берді. Мысалы: «Қырғыздың белгілі жазушысы Ш.Айтматов аталған келісімге:«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Орталық Азиялық Интеграция туралы бастамасы біз үшін – стратегиялық жол. Бұл біздің аймақты біріктіретін ерекше, бұрын болмаған ұсыныс. Біздің әрқайсысымыз өз ортасында бұл бастаманы қолдауы керек., бұл біздің болашағымыз»[20],- деген баға берді. Ал, Қырғыз Республикасы қоғам қайраткері, саясаткер Ж. Сааданбековтың жазғанындай: «Прези¬дент Нұрсұлтан Назарбаевтың баста-масы Орталық Азия тарихында бұрын болып көрмеген Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақ¬тастығының жаңа түрін құ¬руды іске асырады» [21].
     Ортаазиялық тамырлас үш республиканың осы тығыз одағының құрылуы мемлекеттер арасындағы сыртқы көші-қонның жүйелі негіздегі келісті жағдайда іске асырылуына, Қырғыз Республикасы, Өзбекстандағы өз өтініштерін білдірген қазақтардың тарихи отандарына қайтуларына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар осы мерзімде өзара келісімділік жағдайында Тәжікстан,Түркіменстандағы қазақтардың белгілі тобының да ерікті түрде туған елдеріне қайтуы қамтамасыз етіле бастады.  
    Нәтижесінде (1997 жылдың қорытындысы бойынша,-Ғ.Қ.):«Иммигранттардың 87% жақын шет елдерден келді, ...Өзбекстаннан 11%, Қырғызстаннан 6%, Түркіменстаннан 3%,Тәжікстаннан 2%.
   Өзбекстанда, негізінен экологиялық апатқа ұшыраған Арал маңайы мен Қызылқұм шөлейт өңірінде тұратын 1,5миллион қазақ бар. ҚР елшілігінің мәліметі бойынша Ташкенттегі 500 мыңға жуық адам тарихи Отандарына қайтуға тілек білдірген.Түркіменстанда 70 мыңға жуық этникалық қазақтар өмір сүруде. Қырғызстандағы қазақ диаспорасы 48 мыңға жуық адамды құрайды.Тәжікстанда 5 мың қазақ тұрады»[22].
       Егер де өткен тарихи оқиғаларға шолу жасайтын болсақ, тіпті Кеңес Одағының тарарының алдындағы кезеңде осы республикалардағы отандастардың туған елдеріне қайтуға деген ұмтылыстары бастау алған еді. Мысалы, мына төмендегі, 1991 жылдың 15 наурызындағы Өзбек КСР-нің Бостандық ауданында тұратын қазақ тұрғындары өкілдерінің Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаевқа жолдаған өтініштеріндегі өздерінің «ана тілінен айырылып, қазақ интеллигенциясының, ұлттық кадрлардың саны азайып барады, өзбектендіру оқиғалары кездеседі, шаруашылық жүргізудің дәстүрлі түрлері бұзылып, әлеуметтік мәселелер шешілмей отыр, кезінде Қазақстанның бірден-бір көркем аймағы болған аудан өнеркәсіп қалдықтарын көмбеге айналуда. ... тарихи әділеттіліктің қалпына келтіріліп, халқымен Бостандық ауданының Қазақстанға қайтарылуына» [23] ықпал етуді сұраған хатынан бұл елдегі жергілікті қазақ тұрғындарының сол уақыттағы орын алған нақты жағдайын білуге болады. Өздерінің өтініштерінде ауданның қазақ тұрғындары тарихи отандарымен жүйелі түрде байланыс жасауды сұраған еді. Қос мемлекеттер президенттерінің бақылауына алынып,   екі жақты атқарылған өзара түсіністікті жағдайдағы ұйымдастырылған шаралардан кейін жағдайдың реттелгені белгілі.
    Аталған өтініштен кейін Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ташкен облысы Бостандық ауданы қазақтарымен екі рет кездесу ұйымдастырды. Кездесулер барыс бойынша жасалған ресми баяндамада: «Егемен Еліміздің Республика күні қарсаңында Өзбекстандағы отандастарымызбен екі дүркін кездесу өткізілді.
    Біріншісі, осы жылдың 22 қазан күні Республикалық интернационалдық Қазақ мәдени орталығымен бірлесіп Тәшкен қаласы мен оның төңірегіндегі аудандарда тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен ұйымдастырылды.
    23 қазан күні Тәшкен облысы Бостандық ауданына танысу сапарын шегіп, қазақ диаспорасының өкілдерімен жүздестім. ...
    Ауданда 21 қазақ мектебі бар екен. Халқының құрамы: 46%-өзбектер, 26%-қазақтар. Екі қазақ мектебімен танысып, ұжымдарымен және “Жаңа ауыл” колхозындағы қазақ ағайындарымен кездесу болды. ...
       Мектептердің шаңырақтары көңіл толарлықтай болғанымен, қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы, арнайы методикалық басылымдар келмейді» [24],-деп көрсетіліп, орын алған олқылықтарды қалпына келтірудің жолдары ұсынылды.
   Осындай өзара жүзеге асырылған екі жақты келісімдер, сонымен бірге Орталықазия мемлекеттері Одағы келісімдеріне сай оған мүше елдердің аймақтарының арасындағы экономикалық, мәдени,білім беру саласындағы ынтымақтастық жолға қойыла бастады. Оған Оңтүстік Қазақстан облысы мен Ташкент облысы, Шымкент-Ташкент қалалары арасындағы қатынасты мысалға келтіруге болады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облыстық ресми деректе: «Көршілес жатқан Ташкент облысы мен Ташкент қаласының халқымен біздің Оңтүстік Қазақстан облысының халқы ежелгіден қарым-қатынастығын үзбей келеді. Кәзіргі таңда екі облыс аралығындағы кеден бекеттері алынып, екі ел арасындағы экономикалық қатынас едәуір жеңілдетілген. Нарықтық қарым-қатынас ұлғайып барады.Облысымыздың екі ауданы мен қаласы басшылары Ташкент облысымен және Ташкент қаласы аудандары басшыларымен кездесіп, өзара келісім- шарт түзеген.
    Ал енді қазір біз Қазақстанның Өзбекстандағы өтетін күндерінің қарсаңында отырмыз. Ол 23-27 мамыр айының аралығында өтпек. Екі халық арасындағы бұл үлкен оқиға достықты, нарықтық қарым-қатынастықты одан ары нығайтуға жұмылдырады деп есептейік»[25],-деп жазылып, бұл бағыттағы нақты орын алған өзара ынтымақтастықтың маңызы баяндалған.
      Мемлекеттер аралық екіжақты, көпжақты келісімдер талаптарына сай, Қазақстан Республикасы тарапынан Орталық Азиялық мемлекеттерде тұрып жатқан қазақ ұлты өкілдерімен тұрақты негіздегі байланыс орнатылып, одан ары дами түсті.     Солардың қатарында олардың ана тілінде білім алулары, Қазақстандағы жоғары оқу орындарына жолдама алулары, туыстас республикаларда Қазақстанның мәдени күндерін өткізу жүйелі жұмыс жоспарларына енгізілді. Мысалы: «Белгіленген жоспардан тыс Қарақалпақияның Білім министрлігімен жасалған келісім бойынша Нүкіс қаласына жіберілген Білім,мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің жылжымалы комиссиясы арқылы Қазақстанның жоғары оқуорындарына түсу емтихандары ұйымдастырылды және 70 адам қабылданды.
    1998 жылы Өзбекстанға 5113,5 мың теңгелік 28 атаулы 85,4 мың дана,Түркіменстанға 122,6 мың теңгелік 40 атаулы 5,9 мың дана оқулықтар, оқу құралдары мен әдістемелік әдебиеттер жіберілді»,[26],-деген ресми дерек бұған дәлел болатын сияқты.
     Қорыта айтқанда, Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі егемендіктерін алған Орталық Азияның тарихи тамырлары ортақтас мемлекеттері (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан,Түркіменстан мен Тәжікстан) арасындағы Тәуелсіздіктерінің алғашқы уақытынан іске асырылған екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтары өзінің оңды нәтижелерімен ерекшеленді. Атап айтқанда:
      - мемлекеттер арасындағы нарық талаптарына негізделген өзара экономикалық тығыз ынтымақтастық орнатылды;
      - мемлекеттердің аймақтағы көпбағытты сыртқы саясатты жүргізудегі бірлескен қадамдары іске асырылып, өзінің нәтижелілігімен ерекшеленді;
      - Әлемдік деңгейдегі маңызға айналған Арал теңізін қалпына келтіру арқылы өңірді сумен қамтамасыз ету, бүлінген экологиялық жағдайды оңды тұрғыда реттеудің ортақтасқан шаралары іске асырыла бастады;
      - Мемлекеттер арасындағы сыртқы көші-қон, мәселесін реттеуде жүйелі жұмыстар атқарылып,бұл істег ікүрделілік бәсеңдетілді;
      - әрбір республикалардағы ұлттық диаспоралардың орын алған әлеуметтік қолайсыз жағдайларын шешу, ана тілдерінде білім алуы,тарихи отандарымен арадағы әрбағытты байланысты реттеу өзара келісімдік тұрғысында жүргізіле бастады;
      - Республикалардың аймақтары мен қалаларының өзара тікелей көпжақты байланыстарының негізі қаланып,одан ары кеңейе түсті.
      - қысқа мерзім ішінде Қазақстан Республикасының шекаралас тікелей көршілері Қырғызстан, Өзбекстан,Түркіменстанмен арадағы территория мәселесі мүмкіндігінше жақтастар мүдделеріне сай шешіліп, халықаралық құқық талаптары негізінде бекітілді. Бұл елдермен арадағы мемлекеттік шекара өзара көпсалалы бейбіт қатынастың, бұл істегі бірлесе тәжірибе алмасудың шебіне айналды.
    Мемлекеттераралық осындай нәтижелі де оңды істер Орталықазиялық мемлекеттердің тығыз одағын одан ары нығайта түсудің қажетігін айқындады.


                                        ӘДЕБИЕТТЕР
1. Актуальные проблемы внешней политики Казахстана. Москва “Русский Раритет”1998., С.416
2. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 431, л.18
3. Тоқаев К. Қазақстан Республикасының дипломатиясы.-Алматы:ҒӨПбк“Қайнар”,2002, 568 б.
4.Архив Президента РК, Ф.75-н, о.1,д.2955, л.118
5. Плоских В.М., Джунушалиев Д.Д История кыргызов и Кыргызстана: Учебник для вузов. 2-изд./-РаритетИнфо, Бишкек 2009, с.317
6. Архив Президента РК. Ф.75-н, о.1,д.2955, л.119
7.Токаев К. Под стягом независимости.-Алматы: Білім,1997. –С.736
8.Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 5 том. -Алматы: «Атамұра» , 2010, 448 б.
9. Абдрахманов С. Тәуелсіздік шежіресі.-Астана, Елорда.2001,232 б.
10. Архив Президента Республики Казахстан, Фонд.5-Н, опись.1, дело 224, лл. 3-4
11. Архив Президента Республики Казахстан, Фонд 5-Н, опись 1, дело 243, л.1
12. Архив Президента Республики Казахстан, Фонд 5-Н, опись 1, дело 3575, лл.77-78
13.Архив Президента Республики Казахстан ,Фонд 5-Н, опись1, дело5020, л.2
14. Государственный архив Южно-Казахстанской области, Фонд 897,опись 1, дело 99 а, л.48
15. Назарбаев Н.Ә.Тәуелсіздік дәуірі.-Астана, «ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы қоры», 2017,105 б
16. Архив Внешней политики РФ, Фонд 897, опись 1, папка 1, дело 3,л.20
17. Архив Внешней политики РФ, Фонд 897, опись 1, папка 1, дело 7,л.10
18. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 5886, л.21
19. Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 2, папка 4, дело 9, л.6
20. Аяган Буркитбай, Ауанасова Алима. Нурсултан Назарбаев и казахстанская модель строительства государства (исторический аспект)-Алматы; ТОО “Литера М”, 2012, с.197
21. Сааданбеков Ж. Нурсултан Назарбаев: Законы   лидерства.-Астана, 2005, с.595
22. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 9181, л.3
23. Архив Президента РК, Фонд 7, опись1, дело 555, л.6
24. Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 2981, лл. 2, 4
25.Государственный архив Южно-Казахстанской области, Фонд 897,опись 1, дело 99 а,лл.39, 40
26. Архив Президента РК, Фонд 5-Н,опись 6, дело 1108, лл.35,36,37

   Ғани Қарасаев, т.ғ.д., Қанат Еңсенов, т.ғ.к.,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты,
Нұр-Сұлтан қаласы
Дереккөз: Қазақстан тарихы порталы