Тәуелсіздікке 30 жыл: Ғылым саласында қандай өзгерістер болды

13.04.2021 00:00

«Біз ғылымның дамуына зор үлес қосып келе жатқан ғалымдарымызды мақтан тұтамыз. Еліміздегі ғылым саласының әлеуеті зор. Мәселен, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының коронавирусқа қарсы әзірлеген вакцинасын ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі таңда ғылым саласының жетістіктері айтарлықтай көп, дегенмен проблемалар да жоқ емес. Сондықтан біз өз тарапымыздан еліміздегі ғылымның одан әрі дамуы үшін кешенді шаралар қабылдап жатырмыз»,- деп жазған еді министр Facebook парақшасында .

Жалпы, Қазақстанның ғылым саласында 21 782 адам жұмыс істейді. Зерттеушілердің 35 пайызы ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие. Нақты айтқанда, олардың 1 697-сі ғылым докторы, 4 165-і ғылым кандидаты, 1 340-ы PhD докторы және 293-і бейін бойынша докторы. Ғалымдардың 34 пайызы – 35 жасқа толмаған; 43 пайызы – 35 жастан 54 жасқа дейінгілер; 23 пайызы – 55 жастан асқандар. Әйелдердің үлесі – 54, ерлер үлесі – 46 пайыз. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ҚР БҒМ Ғылым комитеті ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің 1 034 субъектісін аккредиттеді. Олардың 626-сы заңды және 408-і жеке тұлға саналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.

Егер бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізілетін болады. Тек өткен жылы 5 конкурс өткізілді. Сонымен қатар алғаш рет гранттардың жаңа түрлері (ынтымақтастыққа бағытталған, қысқа мерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған және т.б) енгізілді. Бұл көптеген перспективті ғылыми идеяларға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Докторанттардың стипендиясы 80 пайызға ұлғайды. Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15 пайызға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңгені құрайтын болады. Жас ғалымдарды қолдау үшін докторантурадан кейінгі зерттеулерге бағытталған арнайы гранттар бөлу жүзеге асырылады.

«Біз үшін магистратура мен докторантураға түсу кезіндегі ашықтық пен меритократияны арттыру маңызды. Сондықтан өткен жылы магистратураға түсу үшін емтихандарды алғаш рет электрондық форматта өткіздік. Биылдан бастап докторантураға түсу емтихандары да осындай форматта өтпек. Ғылыми қоғамдастықпен орнатылған тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде диссертациялық кеңестердің жұмысы бойынша ережелерге өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ докторанттар үшін диссертацияны қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді. Одан бөлек ғылыми журналдардың тізімін қалыптастыру ережелеріне де өзгерістер енгізілді. 2021 жылдан бастап біз мықты, беделді ғылыми журналдарды қолдау жөніндегі жобаны іске асыруды бастаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.

Елімізде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын кәсіпорындардың саны 373-ке жетті. Оның 87-сі мемлекеттік секторға, 94-і жоғары кәсіптік білім беру саласына, 159-ы кәсіпкерлікке және 33-і коммерциялық емес секторларға жатады. Бұл ретте Қазақстан Президентінің қолдауымен 2020 жылы БҒМ-ге қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 млрд теңге бөлінгенін атап өткен жөн. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды. Биыл осы мақсатта 3,5 млрд теңге бөлінді. Демек институттарды модернизациялау бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады.

Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру аясында жыл сайын 5,4 млрд теңге сомасына 156 жобаны қаржыландырады. Оның ішінде 90 жоба бүгінде жалпы кірісі 6,6 млрд теңгеден асатын сату кезеңіне жетті. 1300-ден астам жұмыс орны құрылды.

Мұнан бөлек, жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсына ұқсас болады. Бұл «Ғылым туралы» Заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр. Биылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамалардан өтуге жіберу және «Жас ғалым» жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынады. Одан бөлек, еліміздегі 20 университет «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында қаржыландыруға ие болады. Яғни, бұл – жиырма оқу орны материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік алады деген сөз.

«Ғылымдағы барлық процестерді одан әрі цифрландыру бойынша жұмыс атқаруымыз керек. Кейбір ғылыми жобаларды іске асыру үшін ұзақ мерзім талап етіледі. Бұл ретте мұндай ғылыми жобаларға грант беру мерзімдерін 5 жылға дейін ұзарту мәселесі де қолға алынады», - деді министр.

Дереккөз: Қазақпарат