Тәуелсіздіктің 30 жылдығы 30 күн бойы тойланады – министр

14.05.2021 11:21

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халық алдында есеп беру кездесуінде мәдениет саласында атқарылған жұмыс жайлы айтты. Сонымен қатар биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылатын іс-шаралармен таныстырды.

«Наурыз айы Қазақстанның ұлттық дәстүрі мен мәдениетіне арналып, оның аясында түрлі форматтағы 1000-нан астам іс-шара (театр қойылымдары, шығармашылық конкурстар, фестивальдар, ғылыми-конференциялар, шеберлік сыныптар, акциялар және т. б.) өткізілді.

Олардың қатарында, 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Алғыс айту – парызым» челленджі және «Медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге алғыс!» акциясы бар. Республикалық ұйымдар дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған «Мейірімді болайық бауырлар» және «Достардың музыкалық кеші» шығармашылық концерттерін ұйымдастырды. 14 наурыз Көрісу күні аясында республика бойынша кішілердің үлкендерге құрмет көрсету, ізгі тілектер мен баталарды айту дәстүріне негізделген бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында берілген тапсырмасы аясында Наурызды мерекелеуге жаңа форматтағы тұжырымдамалық тәсілдер әзірленді. Республиканың барлық өңірінде «Әз Наурыз – ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі» ұранымен 8 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Наурыз мейрамын мерекелеудің үздік дәстүрлерін жаңғырта отырып, балалар үйінің, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына арналған «#Келкөрісейік» қайырымдылық жобасы, этномәдени қойылымдар, ұлттық музыкалық аспаптар фестивалі, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, өлкетану экскурсиялары, бірқатар өңірлерде ағаш егу сынды іс-шаралар өткізілді.

Еліміздің театрларында ерекше назар ұлттық қойылымдарға аударылды. Неміс театры «Қарагөз» спектаклін, «Астана Опера» театры «Қыз Жібек» операсын, Қ. Қуанышбаев атындағы театр жаңа сахнада «Құнанбай» спектаклінің премьерасын ұсынды, «Ұлытау» мұражай-қорығы «Мәңгілік елдің мәртебесі Наурыз» көрмесін таныстырды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана «Тұғыры биік Тәуелсіздік» аудио форматтағы өлеңдер жинағын шығарды»,-деді.

Сондай-ақ министр жыл соңына дейін Министрлік жүзеге асыратын жобаларға тоқталып өтті.

«Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, іс-шаралардың көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырып келеміз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында шілде айында 30 жаңа жоғары көркем өнер туындысын әзірлеу үшін «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурсы басталады. Олардың қорытындысы Тәуелсіздік күні қарсаңында шығарылады деп жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған 30 кинотуынды» жобасы аясында идеологиялық және тәрбиелік сипаттағы тарихи, көркем және анимациялық фильмдер әзірленеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында айтулы оқиғаның бірі – «Ұлы дала таңы» тарихи көркем фильмінің тұсаукесері.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес шілденің бірінші жексенбісінде дәстүрге айналған «Ұлттық домбыра күні», Елорда күні қарсаңында еліміздің барлық өңіріндегі мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен өтетін «СӘЛЕМ, ЕЛОРДА!» фестивалі ұйымдастырылады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеудің соңғы кезеңі «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ – Тәуелсіздіктің 30 негізі» атты 30 жұлдызды күн болмақ. Оның аясында мәдениет ұйымдарының күндері басталады, күн сайын өнердің барлық жанрындағы жаңа туындылардың тұсаукесері өтеді»,-деді министр.

Дереккөз: ҚР МСМ