Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Шетпеде 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

19.05.2021 11:39

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Маңғыстау ауданының орталық елді мекені - Шетпеде 2 көпқабатты үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл еліміз егемендік алғалы бері ауданда алғаш рет бой көтеретін көпқабатты тұрғынүй. Бұл туралы ОКҚ филиалында өткен брифингіде аудан әкімі Тілек Көшмағанбетов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта 3 қабатты 24 пәтерлік үйдің құрылысы кестеге сәйкес жүріп жатыр. 4 қабатты 72 пәтерлік баспананы көтеруге кәсіпкермен келіссөз жүргізілді. Аукцион арқылы жер беру мәселесі қаралды. Көпқабатты 2 үй де «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынады. Аудан әкімдігі балансына алынып, жаңа пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі» - деді Тілек Көшмағанбетов.

Тағы бір жаңалық - ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жыңғылды ауылында бір мезгілде 140 адам шынығатын спорт кешені салынатын болды.

«Жобалық-сметалық құжаты жасақталды. Мемлекеттік сатып-алу конкурсы жүріп жатыр. 2 қабатты ғимарат аумағында футбол, жүгіру, секіру және баскетбол, волейбол алаңдары орналасады. Келушілер футбол, дзюдо, қазақ күресі, джиу-джитсу, жеңіл атлетика тағы басқа спорт түрімен айналысады. Кешен үйірмелерге арналған және киім ілу, жуыну бөлмелерімен, жаттығу залдарымен қамтылады», - деді Тілек Көшмағанбетов.