Тәуелсіздіктің 30 жылында 170 млн шаршы метр тұрғын үй салынған

14.04.2021 16:12

Тәуелсіздік жылдарында 1,6 миллионнан астам қазақстандық жаңа баспанаға ие болған, деп хабарлайды 30jyl.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев орталық коммуникациялар қызметінде айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздік жылдарында еліміз түрлі салаларда соның ішінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Осы уақыт аралығында 170 млн. шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынып, 1,6 миллионнан астам азаматтарымыз баспанамен қамтамасыз етілді», - деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, 2020 жылы осы үрдіс жалғасып, 140 мыңнан астам баспана берілген.

«Былтыр республика бойынша 15,3 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8% көп. Яғни, 140 мыңнан астам тұрғынжай пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6% - ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестициялар тартылды. 38,4 мың отбасына әлеуметтік тұрғын үй және жеңілдетілген қарыздар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді», - деді Қайырбек Өскенбаев.